Кәлима-И Тәухид (иман):
لَٓا اِلٰهَ اِلَّا اللّٰهُ مُحَمَّدٌ رَسُولُُ اللّٰهِ
Оқылуы: “Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммәдүр расулуллаһ”.
Мағынасы: “Алладан басқа тәңір жоқ. Мұхаммед (с.а.у.) Алланың елшісі”.
Кәлима-И Шәһадат
اَشْهَدُ اَنْ لَٓا اِلٰهَ اِلَّا اللّٰهُ وَاَشْهَدُ اَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ
Оқылуы: “Әшһәду әл ләә иләһә илләлләһ уә әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһү уә расулуһү”.
Мағынасы: “Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне куәлік етемін, Мұхаммед (с.а.у.) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне де куәлік етемін”.
Иман Негіздері
Сөздік мағынасы жағынан иман – бір нәрсеге сену дегенді білдіреді.
Діни термин ретінде иман – “Пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) Алладан жеткізгендеріне күдіктенбей шын жүректен сену және бұл сенімін тілмен жеткізу”.
Иман екіге бөлінеді:
а) Ижмали иман
б) Тафсили иман
а) Ижмали иман: Аллаға және Хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбар екендігіне сену.
Дінімізде сенімнің жинақы түйіні болғандықтан мұны “ижмали иман” яғни “жиынтық иман” деп атайды.
Иман негіздері жалпы және түйінді түрде “кәлима-и тәухид” пен “кәлима-и шәһадатта” берілген. Бір адам кәлима-и тәухид немесе кәлима-и шәһадаттың біреуін тілмен жеткізсе, яғни айтса және оған жүрегімен сенсе, Ислам дініне кірген болып саналады. Бірақ мұсылман адам мұнымен шектелмей, иман негіздерін нақты және егжей-тегжейлі үйреніп жеке-жеке сенуі керек.
ә) Тафсили иман: иман негіздеріне жеке-жеке сену “тафсили иман” яғни “егжей-тегжейлі иман” деп аталады.
Егжей-тегжейлі иман негіздерін “Иманның шарттары” деп те атайды.
Иманның шарттары алтау:
- Аллаға сену
- Періштелерге сену;
- Кітаптарға сену;
- Пайғамбарларға сену;
- Ақырет күніне сену;
- Тағдырға: жақсылық пен жамандықтың Алланың жаратуымен
болатындығына сену.
Иманның шарттары “Әмәнтуде” жинақталған. Әрбір мұсылман “Әмәнтуді” мағынасымен бірге білуі керек.
“Әмәнту” дегеніміз мынау:
اٰمَنْتُ بِاللّٰهِ وَمَلَٓائِكَتِه۪ وَكُتُبِهٖ وَرُسُلِهٖ وَالْيَوْمِ الْاٰخِرِ وَبِالْقَدَرِ خَيْرِهٖ وَشَرِّهٖ
مِنَ اللّٰهِ تَعَالٰى وَالْبَعْثُ بَعْدَ الْمَوْتِ حَقٌّ. اَشْهَدُ اَنْ لَٓا اِلٰهَ اِلَّا اللّٰهُ وَاَشْهَدُ اَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ
Оқылуы: “Әмәнту билләһи уә мәләикәтиһи уә кутубиһи уә русулиһи, уәл йәумил-әхири уә бил-қадәри хайриһи уә шәрриһи миналлаһи Тағалә уәл-бағсу бағдәл мәути хаққұн. Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһу уә расулуһ”.
Мағынасы: “Мен Аллаға, Алланың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алланың жаратуымен болатындығына сендім. Өлгеннен кейін қайта тірілу хақ. Мен Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне және Хазірет Мұхаммед (с.а.у.) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін.
Сенім Тұрғысынан Адамдар
Адамдар сенім тұрғысынан үшке бөлінеді:
Мүмин: Алланың бар әрі бір екендігіне, Хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбар екендігіне шын жүректен сенген және бұл сенімін тілімен жеткізген адамдар “мүмин” деп аталады.
Мұнафық: Алланың барлығы мен бірлігіне, Хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбар екендігіне жүрегімен сенбесе де тілімен сенетіндіктерін айтатын адамдар “мұнафық” (екі жүзді) деп аталады.
Кәпір: Алланың бар екендігіне және Хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығына жүрегімен сенбейтін, сенбейтіндігін тілімен айтатын адамдар “кәпір” деп аталады.
Мүминдер жәннатта (пейіште) шексіз әрі бақытты өмірге қол жеткізеді, ал мұнафықтар мен кәпірлер сенбегендіктерінің жазасын тозақта тартады.
Иманның Адамға Беретін Бақыты
Адам – тән мен жаннан тұратын тіршілік иесі. Тәніміз ішіп-жеуді қалай қажет етсе, жанымыз да рухани қоректі солай керек етеді.
Жанның маңызды азығы – берік сенім. Аллаға сенген және сенім артқан адам рухани азықтанып, үлкен күшке ие болады. Өйткені, адам баласы әрдайым Алланың жәрдеміне мұқтаж. Ұлы Жаратушыға мұқтаж болғандықтан оған сеніп, мойынсұну – бақыттың, рахат өмірдің қайнар көзі.
Алла Тағала былай дейді:
“Абайлаңдар, жүректер Алланы еске алумен ғана жай табады”1
Иман адамды жалғыздықтан, бағдарсыздықтан құтқарады. Иман – рухымыздың азығы, жүрегіміздің нұры. Имансыз адамның рухы қорексіз, жүрегі қараңғылықта болып, сүйеніштен қол үзеді.
Өмірде адам баласы әртүрлі қиындықтарға кездеседі. Сондай кезде шын иманды адамдар үмітсіздікке бой алдырмайды, Аллаға жалбарынып, паналайды. Оған арқа сүйеп, сеніп, сабырмен істің соңын күтеді. Мұндай құдіретті досқа сүйіпеншілікпен және құрметпен берілу адамды бақытқа бөлейді.
Иманнан жұрдайлар үмітсіздікке бой алдырады. Мазасыздықтан арылмайды. Қиыншылықтан, қайғыдан құтылудың жолын ішімдіктен немесе есірткі сияқты заттардан іздейді. Сөйтіп, одан бетер бәлеге ұшырайды. Ақырет бақытынан әрі дүние бақытынан осылай айырылады.
Иман Мен Ғибадат Арасындағы Байланыс
Бір мұсылман діннің үкімдерін жоққа шығармайынша және жүрегінде иман тұрғанда құлшылық етпесе де діннен шықпайды, кәпір болмайды, мұсылман күйінде қала береді. Бірақ Алла Тағаланың әмірін орындамағаны үшін күнәһар болып, жазаға лайық болады.
Ғибадаттар (құлшылықтар) иманның қуаттануын (кемелденуін) қамтамасыз етеді. Ақыретте жазадан құтылуымызға және жәннат нығметтеріне қол жеткізуімізге себепші болады. Тек қана иманмен шектеліп, ғибадаттарды тәрк ету (орындамау) иманның әлсіреуіне,
иман нұрының сөнуіне әкеп соғады.
Мұны бір мысалмен түсіндірейік:
Иман – ашық жанып тұрған шам сияқты. Шамның сөніп қалмауы үшін шынымен қалқалау керек. Егер осылай ашық күйінде жанып тұра берсе, аз ғана баяу желден-ақ сөніп қалуы мүмкін. Иман да жүрегімізде жанып тұрған жарық, оның қорғанышы – ғибадат (құлшылық). Намаз, ораза және басқа да ғибадаттарды орындай отырып әрі Алла алдындағы борышымызды (міндеттерімізді) өтейміз, әрі иманымызды қорғаймыз.
Ғибадаттар орындалмаған жағдайда иман ашық күйінде жанып тұрған шам сияқты қорғансыз қалады. Бір күні сөніп қалуы мүмкін. Иманын жоғалту мұсылман үшін ең қымбат саналатын жәннаттың кілтін жоғалту деген сөз. Осы себептен ғибадаттар иманымызды сақтап қалуда және жәннатта шексіз әрі бақытты өмірге қауышуымызда өте маңызды рөл атқарады.
Иманның Шынайылығы Мен Қабыл Болуының Шарттары
Иманның дұрыс әрі қабыл болуының үш шарты бар:
1) Иман үмітсіздік кезінде болмауы керек. Әуелде иман келтірмеген жанның дүниеден өтіп бара жатқан кезде азапты көріп, иман етуінің еш пайдасы жоқ.
2) Мұсылман адам діни үкімдерді жоққа шығаратын сөздер мен іс-әрекеттерді жасамауы керек. Мысалы: Діннің барлық үкімдеріне сеніп, бірақ намазды мойындамайтын болса, ол адам иманнан айрылды деген сөз. Өйткені, дінімізде сену керек нәрселер бір бүтін, оны бөліп-жаруға болмайды. Бұлардың бірін мойындамау – бәрін мойындамаумен бірдей.
3) Діни үкімдердің барлығының жақсы екендігін мойындау керек. Діни үкімдердің кез келген бірін ұнатпау иманның жоғалуына әкеп соғады.
Мұсылман үшін ең қымбат нәрсе – иман. Адам дүниеде рахат өмір мен бақытқа, ақыретте мәңгі, баянды өмірге иман арқылы жете алады. Тек қана ақтық деміне дейін иманын сақтап, ақыретке сол иманмен (сенімімен) кетуі шарт.
Ал иманын өмірінің ақырына дейін сақтай алмаған, дүниеден имансыз өткен адамға әуелдегі иманының ешқандай пайдасы жоқ. Сондықтан, иманымызды қорғайық, дінімізге зиян келтіретін (кесірі тиетін) сөздер мен іс-әрекеттерден аулақ болуымыз керек. Егер иманымызға нұқсан келтіретін сөздер мен іс-әрекеттер орын алса, сол сәтте-ақ тәубеге келіп, Алладан кешірім сұрауымыз керек.
Сұрақтар:
- Кәлима-и тәухид пен кәлима-и шәһадатты қатесіз дұрыс оқыңыз және мағынасын түсіндіріңіз.
- Иман негіздері нешеге бөлінеді?
- Ижмали иман деген не?
- Тафсили иман деген не?
- “Әмәнту” сөйлемін оқып, мағынасын түсіндіріңіз.
- Сенім тұрғысынан адамдар қаншаға бөлінеді?
- Иман адамға қандай бақыт береді? Түсіндіріңіз.
- Иман мен ғибадат арасындағы байланысты түсіндіріп беріңіз.
- Иманның дұрыс және қабыл болуының шарттары нелер?